Павлодарда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне Жеңіс күніне орай қанша көмек көрсетіледі?
Облыста жеті ардагер тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов Жеңіс күні қарсаңында құзыретті орган тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің шоттарына екі миллион теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек аударылғанын мәлім етті.
– Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының жеті ардагері тұрады, – деді басқарма басшысы. – Қарттардың үйіне барып, үй аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Және де жастар тарапынан ардагерлерге тағзым, қайырымдылық акциясы қолға алынбақ.
Мереке күндері аралығында өңірде көк түсті патриоттық жеңіс лентасы жаппай таратылады. 9 мамырда барлық қалалар мен аудандарда сонымен бірге, облыс орталығындағы Даңқ ескерткіші жанында дәстүрлі гүл шоқтарын қою рәсімдері өткізіледі.
Бұдан бөлек, бүкіл республика бойынша «Ер есімі – ел есінде»патриоттық шеруі арнайы құрылған платформада онлайн форматта өткізіледі. Бұл әрбір адамға Ұлы Отан соғысына қатысқан өз туыстары туралы деректерді орналастыруға мүмкіндік береді.
–Сондай-ақ, тыл еңбеккерлеріне арнайы бір реттік төлемақы беріледі, – деді спикер. – Оның мөлшері 50 мың теңгені құрайды. Төлемақылар олардың жеке есепшоттарына үшінші мамырға дейін толықтай аударылатын болады.
Айта кетейік, облыс бойынша тыл еңбеккерлерінің саны үш жарым мыңнан астам.