Баянауылдағы Найзатастың сыры неде?

Баянауылдағы Найзатастың сыры неде?
Фото: Мұрат Жаслан

Ерекше пішінді тау жынысы аңыздар мен тарихты тоғыстырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің аумағы табиғи нысандарымен ғана емес, олар туралы сақталған аңыздарымен де ерекшеленеді. Солардың бірі – алыстан көзге түсетін Найзатас.

«Найзатас» атауы «тас найза» деген мағынаны білдіреді. Граниттен құралған бұл тау жынысы табиғи үдерістердің нәтижесінде қалыптасқан. Кей деректерде оның шамамен 150-200 миллион жыл бұрын жанартаулық процестердің әсерінен пайда болғаны көрсетіледі.

Нысанның биіктігі шамамен 370 метрге жетеді. Ұзындығы 700-800 метр, ал ені 300 метрге жуық. Үстіңгі бөлігінде бірнеше ойық пен шұңқыр бар. Жауын-шашын кезінде оларға су жиналады.

Жергілікті халық ерекше кескініне қарап оны «Бөлке нан» деп те атайды. Ал «Найзатас» атауының шығуына қатысты бірнеше нұсқа бар.

Солардың бірінде бұл өңірде Жасыбай, Олжабай, Бөгенбай және Қабанбай батырлар жауға қарсы шайқасып, биік нүктелерді бақылау үшін пайдаланғаны баяндалады. Өткір қырлары найзаның ұшын еске түсіргендіктен, жер атауы осылай қалыптасқан деген болжам бар.

Тағы бір аңызда Найзатас жауды алыстан бақылауға мүмкіндік беретін қарауыл орны болғаны сөз етіледі.

Қазір оның маңын қарағай мен қайың орманы қоршап жатыр. Өңірде арқар, сілеусін, қасқыр сияқты жабайы аңдар кездеседі.

– Найзатас – тек геологиялық нысан емес. Оның қалыптасу ерекшелігі мен ел арасында тараған аңыздары Баянауылдың табиғаты мен тарихының өзара байланысын көрсетеді. Пішіні, биіктігі және орналасуы бұл нысанға ерекше сипат береді, – дейді Баянауыл МҰТП ғылыми қызметкері Мұрат Жаслан.

Найзатас табиғатты тамашалауға келетіндермен қатар, спорттық туризм өкілдері үшін де маңызды орынға айналған. Мұнда Павлодар облыстық спорттық туризм спортшылары мен альпинистер клубының мүшелері оқу-жаттығу жұмыстарын өткізеді.

Осылайша, Найзатас өңірдің геологиялық ерекшелігін, табиғи сұлулығын және халық жадында сақталған тарихи аңыздарды ұштастыратын көрікті нысандардың бірі саналады.