Брайль қарпімен жарық көрген «Боранды бекет» павлодарлық оқырмандарға жол тартты

Брайль қарпімен жарық көрген «Боранды бекет» павлодарлық оқырмандарға жол тартты
Фото: Кітапханадан

Кітапхана қоры көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі романының төрт томдығымен толықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көңілге ой салып, адамзат жадындағы өшпес іздерді жаңғыртатын көркем шығарма енді көру қабілеті бұзылған оқырмандарға да қолжетімді. Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана қорына көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Боранды бекет» романының Брайль қарпімен басылған төрт томдық жинағы келіп түсті. Бұл – әдеби мұраны барша оқырманға ортақ етіп, рухани құндылықтарды қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам.

Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» – адамгершілік, достық, ар-намыс пен ұлттық жадыны арқау еткен терең мағыналы шығарма. Романда теміржолшы Едігенің досы Қазанғапты ата-бабалар зиратына жерлеу жолындағы оқиғалар баяндалады. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы жазушы адам болмысы, тарихи жады, салт-дәстүрге құрмет пен рухани тамырдан ажыраудың қасіреті туралы ой қозғайды.

Шығарманың ең әсерлі тұсының бірі – Найман-Ана туралы аңыз. Өзінің өткенін ұмыттырып, мәңгүртке айналған ұлының жадын оятуға ұмтылған ананың қайғылы тағдыры ана махаббатының шексіздігін ғана емес, тарихы мен ұлттық тамырынан айырылған адамның рухани қасіретін де бейнелейді.

Енді осы туындымен Брайль қарпі арқылы танысуға мүмкіндік алған оқырмандар да әлем әдебиетінің асыл мұрасын өз бетімен оқып, шығарманың тереңіне бойлай алады.

Облыстық арнайы кітапхана көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтардың ақпаратқа, білімге және әдебиетке қолжетімділігін арттыру бағытында атқарып жатқан жұмысы сүбелі. Мұнда дәстүрлі кітаптармен қатар, Брайль қарпімен басылған әдебиеттер мен аудиокітаптар қоры да тұрақты түрде толықтырылуда.

Кітапхана басшысы Алпысбай Әбділұлының айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік тілдегі Брайль кітаптарын сатып алуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай басылымдар әдеттегі кітаптарға қарағанда қымбат әрі оларды табу да оңай емес. Сондықтан мекеме арнайы баспалармен және осы бағытта жұмыс істейтін мердігерлермен байланыс орнатқан.

– Бұрын қазақ тіліндегі Брайль қарпімен басылған кітаптар өте сирек кездесетін. Кейінгі жылдары мемлекеттік тілдегі әдебиеттерді сатып алып, қорымызды толықтырып жатырмыз. Ресейдегі арнайы баспамен жұмыс істейтін мердігер арқылы сапалы, безендірілуі жақсы кітаптарға қол жеткіземіз. Дегенмен мұндай басылымдардың бағасы жоғары болғандықтан, қажетті кітаптардың бәрін көп данамен сатып алу мүмкін емес, – дейді Алпысбай Әбділұлы.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін кітапханада тифлокешен аппараты мен арнайы принтер қолданылады. Тифлокешен электронды мәтіндерді Брайль қарпіне айналдыруға мүмкіндік береді. Ал принтердің көмегімен оқырмандар сұранысына ие шығармалардың кейбірін кітапхана өз ішінде басып шығара алады.

– Өзімізде тифлокешен аппараты мен арнайы принтер бар. Солардың көмегімен электронды кітаптарды Брайль қарпіне айналдырып, қажетті әдебиеттерді дайындаймыз. Әрине, көп данамен басып шығаруға мүмкіндігіміз шектеулі. Бірақ оқырмандар сұраған кітаптарды, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын немесе мерейтойларға орай жарық көрген туындыларды Брайль нұсқасында әзірлеуге тырысамыз, – дейді кітапхана басшысы.

Кітапхана әдебиетті қолжетімді етудің тағы бір бағыты – аудиокітап әзірлеу ісін де дамытып келеді. Соңғы жеті-сегіз жыл ішінде мекеменің аудиостудиясында 50-ге жуық аудиокітап жазылған. Өткен жылдан бері Брайль қарпімен басылған онға жуық кітап дайындалған.

Жуырда жергілікті қаламгерлердің шығармаларын Брайль қарпімен шығарып, авторлардың өз даусымен аудиокітап әзірлеуге бағытталған «Сөйлейтін кітаптар» жобасы іске қосылды. Жобаның алғашқы қатысушысы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы.

Сонымен қатар, аудиокітаптарды бір легі кітапхананың YouTube арнасына жүктеліп, оларға арнайы QR-код арқылы қол жеткізуге болады. Бұл мүмкіндік тек көру қабілеті бұзылған адамдарға ғана емес, кітапты оқығаннан гөрі тыңдауды ыңғайлы көретін кез келген жанға қолжетімді.

– Аудиокітаптарды студиямызда дайындап, кейін YouTube арнасына орналастырамыз. Әр кітапқа QR-код жасаймыз. Оны сканерлеу арқылы аудионұсқаны тыңдауға болады. Мұны міндетті түрде көзі көрмейтін адам ғана пайдалануы керек деген талап жоқ. Мәселен, көлікпен немесе автобуста келе жатқанда, сондай-ақ ұзақ уақыт кітап оқудан көзі шаршайтын адамдар аудиокітапты тыңдай алады. Яғни бұл – әдебиетке қолжетімділікті кеңейтетін мүмкіндік, – дейді Алпысбай Әбділұлы.

Кітапхана қызметіне деген қызығушылық оқырман санының көрсеткішінен де байқалады. Жыл басынан бері тіркелген оқырмандар саны 8760-қа жеткен. Оның ішінде кітапханаға келушілер саны 2000-нан асады, ал 15 жасқа дейінгі балалардың саны – 1023.

Оқырмандар арасында қазақ әдебиетінің классикалық туындыларына сұраныс жоғары. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы көш бастап тұр. Сондай-ақ Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармалары да оқырмандар арасында кеңінен сұранысқа ие.

Әлем әдебиетінен Пауло Коэльоның «Алхимик», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» сериясы мен Джеймс Клирдің «Атомные привычки» кітабы да сүйіп оқылатын шығармалар қатарында.

Кітапхана ұжымы алдағы уақытта Брайль қарпімен басылатын әдебиеттер қорын кеңейтіп, аудиокітаптар санын арттыруды және жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Өйткені кітаптың құндылығы оның қай қаріппен басылғанында емес, оқырманға жеткізген ойы мен рухани әсерінде. Ал сол құндылыққа әр адамның қол жеткізуіне жағдай жасау – кітапхананың басты міндеттерінің бірі.