Павлодарлық тұрғын үйіндегі көне кітапты «Құран» деп сақтаған
100 жылдам астам уақыт сақталған кітап музейге табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне шығыс ақыны Сабыр Сәйхалидің 1905 жылы Қазан қаласында араб графикасында жарық көрген көне кітабы табысталды. Бұл жәдігерді мұражайға табыстаған Павлодар қаласының тұрғыны Қалипа Үкенқызы.
– Менің атамнан үш кітап мұра болып қалған еді. Сол ескі кітаптарды осы музейдегі қызметкер Абзал Рымбекке қарап көрсін деп берген едім. Бұл кітапты негізінде құран кітап шығар деп сақтаған едік. Абзал бұл кітаптың құран емес, арап қаріпінде жазылған жыр жинақ екенін айтты, – дейді Қалипа Үкенқызы.
Ал Абзал Рымбектің айтуынша, бұл кітапта діни-тарихи жыр жазылған. Бұндай кітаптың елімізде тек үш данасы бар. Олардың бірі Алматы облысындағы Ұлттық кітапханада сақталса, тағы бір нұсқасы Абай облысындағы Абай музейінде тұр.
– Кітап «Диуани Сәйхали» деп аталады. Негізі ақын туралы деректер өте аз. Абайдың бір өлеңдерін оқи отыра, Сәйхали ақынды тауып алдым. Яғни, Абай Құнанбайұлы бұл ақынды өз өлеңіне қосқан, – дейді Абзал Рымбек.
Шара барысында кітап салтанатты түрде музей қорына табысталды. Кітаптың иесі Қалипа Үкенқызына мәдениет басқармасының атынан Алғыс хат беріліп, қамзол жабылды.
Айта кету керек, туынды 296 беттен тұрады. Бұл кітапта діни-тарихи ұзақ жыр жазылған. Дүниенің жаралуынан бастап, 680 жылғы Хұсайынның Кербала шөлінде соғысып өлгеніне дейнгі тарих қамтылды.