Плучек орнын берген: Павлодарда көрнекті режиссердің 80 жылдығы аталып өтті

Плучек орнын берген: Павлодарда көрнекті режиссердің 80 жылдығы аталып өтті
Фото: автор

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада осы оқиғаға орай арнайы конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының тұңғыш режиссері, Қазақстанның белгілі театр режиссері әрі педагогы, профессор Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналған «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Жиында Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық жолы, режиссерлік және педагогтік мұрасы, қазақ театрының қалыптасуына қосқан үлесі сөз болып, сахна шеберінің Мәскеу театр мектебінен өткен ерекше кезеңі туралы да естелік айтылды.

- Театр – халықтың рухани жадын сақтайтын, заманның тынысын сезіндіретін, адам мен қоғам арасындағы байланысты өнер тілімен жеткізетін киелі өнер ордасы. Бүгінгі конференцияның танымал режиссер Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасына арналуы да – осы тұрғыдан алғанда аса маңызды. Оның шығармашылық жолы – дәстүр мен ізденістің, кәсіби шеберлік пен жаңашылдықтың тоғысын көрсететін тағылымды мектеп, - деді конференция жұмысын ашқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымбек Жұматов Тәпеновтің Мәскеу академиялық сатира театрында өткен тағылымдамасына қатысты қызықты оқиғаны ортаға салды.

Ерсайын Тәпенов 1968 жылы ГИТИС-тің режиссерлік факультетін тәмамдап, Семей облыстық драма театрында бірнеше жыл еңбек еткеннен кейін 1974–1976 жылдары Мәскеу академиялық сатира театрында сол театрдың атақты көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Валентин Плучектің жетекшілігімен екі жыл тағылымдамадан өткен. Тағылымдаманың нәтижесінде жас режиссер Сергей Михалковтың «Пена» атты сатиралық пьесасын қойды. Спектакльде сол кездегі кеңестік театрдың ірі шеберлері – Андрей Миронов, Анатолий Папанов, Татьяна Пельтцер және басқа да танымал актерлер ойнады.

Алайда жас режиссер алғашқы кезде қатты қобалжыған. Өйткені сахнада режиссер ретінде мойындалған алып актерлермен жұмыс істеу керек болды. Тәпенов Мәскеудің атақты театр актерлері Қазақстаннан келген жас маманға жоғарыдан қарай ма деп алаңдаған.

Сонда Валентин Плучек оған ерекше кеңес береді. Театрдың асханасында өзінің әдеттегі орнына Тәпеновке отыруды ұсынады.

«Менің орныма отыр. Сонда бәрі менің саған тізгінді бергенімді бірден түсінеді», – деген екен Плучек.

Ерсайын Тәпенов ұстазының айтқанын дәл орындайды. Нәтижесінде актерлер жас режиссердің мәртебесін бірден қабылдап, қойылым жұмысы сәтті жүзеге асады. Ғалымбек Жұматовтың айтуынша, бұл оқиға Плучектің Тәпеновке деген сенімін ғана емес, оның жас режиссерге үлкен сахнада өзін көрсетуіне мүмкіндік берген ұстаздық ұстанымын да аңғартады.

Конференция модераторы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асыл Әбіш Ерсайын Тәпеновтің Павлодардағы тұңғыш қазақ театрының қалыптасуына сіңірген еңбегіне тоқталды. Ол режиссердің тынымсыз ізденісі, еңбекқорлығы мен кең дүниетанымын ерекше атап өтті. 

«Ақбеттау» әдеби журналының бас редакторы Сайлау Байбосын қазіргі театрдың бағыттары туралы ой қозғады. Оның пікірінше, бүгінгі сахнада классикалық шығармаларға басымдық беріліп, көрерменге қажет басқа жанрлар мен заманауи тақырыптар жеткілікті деңгейде қамтылмай жүр.

- Рухани азық ол да кәдімгі тамақ сияқты. Оны әрбір адам талғап таңдап ішеді. Классикадан басқа адамға комедия және басқа да спектакльдер керек. Комедия, мысалы, мүлде жоқ болып кетті. Тарихты білген дұрыс қой, бірақ халықтың жанына жақын дүниелер де керек, – деді ол.

Өнертану докторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс Павлодарда өтіп жатқан республикалық «Ертіс-Баян» театр фестивалінің ұйымдастырылу деңгейін атап өтіп, театр директоры Арман Темірбектің еңбегіне алғыс білдірді. Ғалым Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық режиссер ғана емес, ең алдымен білікті педагог болғанына назар аударды.

Бұл ойды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева да жалғастырды. Оның айтуынша, Тәпеновтің сарқылмас энергиясы мен мол интеллектуалдық қоры ең күрделі 1990 жылдардың өзінде аз мүмкіндіктен үлкен спектакльдер жасауға мүмкіндік берген.

– Ол кезде ештеңе жоқтың қасы еді. Бірақ Ерсайын ағаның бойындағы қуат, білімі мен ізденісі арқылы керемет спектакльдер дүниеге келетін. Оның тәрбиесінен өткен бүгінгі көптеген өнерпаздар кейін сахна корифейлеріне, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлеріне айналды, – деді Рауза Тәжибаева.

Ол сондай-ақ облыс басшылығына театр мен мәдениетке көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс айтып, Ерсайын Тәпенов сияқты тұлғалардың есімін ұлықтаудың маңызын атап өтті.

Конференция барысында облыстық қазақ театрының тарихына арналған «Қырсекциядан» Аймауытов театрына дейін» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітап авторлары – белгілі қаламгер, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров пен журналист-публицист Мұрат Аяғанов.

Зерттеу еңбегінде Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ театр өнерінің тарихы жаңаша пайымдалып, бұған дейін көлеңкеде қалған бірқатар тарихи дерек ғылыми айналымға енгізілген. Авторлардың зерттеуіне сәйкес, өңірдегі қазақ театр өнерінің алғашқы бастауы 1920 жылы Жұмат Шанин Ертіс бойында ұйымдастырған «Қырсекция» – қырғыз-татар театр үйірмесінен бастау алады. Ал 1938 жылы ресми түрде ашылған тұңғыш облыстық қазақ драма театры мен 1990 жылдардың ортасына дейін жұмыс істеген Лебяжі халық театрының тарихы қазіргі Аймауытов театрымен сабақтасып жатыр.

Осы деректер негізінде өңірлік қазақ театрының тарихын 1938 жылдан таратып, биыл оның 88 жылдығын атап өтуге мүмкіндік бар екені айтылды.

Конференция соңында Павлодар облыстық суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өсербай Шоранов арнайы салған Ерсайын Тәпеновтің портреті театрға табысталды.

Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналған басқосу осылайша бір режиссердің шығармашылығын еске алумен ғана шектелмей, Павлодардағы қазақ театрының өткенін, бүгінін және болашағын сабақтастыра қарастырған мазмұнды мәдени-ғылыми алаңға айналды.