Павлодарда заманауи трамвай бейнеленген жаңа мурал пайда болды

Павлодарда заманауи трамвай бейнеленген жаңа мурал пайда болды
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Дачный шағын ауданындағы көпқабатты үйдің қабырғасында қаланың басты символына арналған арт-объект салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, «Қала тынысы» деп аталатын жаңа мурал Қамзин көшесі, 364 мекенжайындағы үйдің фасадына түсірілген. Сюжеттің орталығында шаһардың визит картасына айналған трамвай бейнеленген.

Арт-объектте вагондардың екі буыны бейнеленген: классикалық модель мен заманауи құрам қатар көрініс тапқан. Ал фонда қаланың индустриалды тынысын айшықтайтын зауыт мұржаларының сұлбасы салынған.

Туындының орналасқан орны да тегін таңдалмаған. Болашақта дәл осы Камзин көшесі бойымен, Дачный мен Достық шағын аудандары бағытында жаңа трамвай желісін тарту жоспарланып отыр.

Ауқымды арт-объектіні оралдық суретші Самат салған.

Еске сала кетейік, Малайсары батыр көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің қабырғасында қазақтың біртуар әншісі Батырхан Шүкеновтің портреті салынды. Бұл туынды қала көшелерін көркейтуге бағытталған «Өнерлі шаһар» жобасы аясында жүзеге асырылды.