Денис Теннің анасы: Павлодар – біз үшін өте ыстық қала

Денис Теннің анасы: Павлодар – біз үшін өте ыстық қала
Фото: автор

«Астана» мұз сарайында мәнерлеп сырғанаудан республикалық турнир өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарысқа Павлодар, Астана, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Қостанай қалаларынан 144 мәнерлеп сырғанаушы қатысады. Олардың ішінде  төрт жастан бастап, спорт шеберінің кандидаты санатындағы спортшылар өнер көрсетуде. 

Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, спорт клубтары, Денис Тен атындағы академия және Элизабет Тұрсынбаева академиясының тәрбиеленушілері өңірдің ең басты мұз аренасында екі күн бойы өздерінің спорттық шеберліктерін  паш етеді.

Іс-шараға арнайы құрметті қонақ ретінде қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен келді. 

– Павлодар қаласы біз үшін өте ыстық, – дейді Оксана Тен. –Жарысқа екінші рет келуіміз. Бірақ бұл қала осындай ауқымды түрде көптеген қатысушыларды алғаш рет қабылдауда. Шаһардың дамып, соның ішінде мәнерлеп сырғанау спорты сұранысқа ие болып жатқаны қуантады.  Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген балалар келді. Бұл Павлодарда мәнерлеп сырғанауды дамыту үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын.

«SpringIce» турнирінің мақсаты – спорт резервін және Қазақстан құрама командасына кандидаттарды, ресми халықаралық жарыстарға және қысқы Олимпиада ойындарына дайындау, өскелең ұрпақтың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. 

Өскемен қаласынан келген мәнерлеп сырғанушылардың жаттықтырушысы Әйгерім Әбиева турнирге 14 қатысушы әкелген. Олардың ең кішісі – бесте, ал үлкені – сегіз жаста. 

– Біз жарысқа маусым бойы дайындалдық, – дейді Әйгерім Әбиева. –  Көңіл күйіміз керемет. Қыздарым өте жақсы өнер көрсетуде.  

Павлодарлық мәнерлеп сырғанаушы Ахметали Есентай бұл спорт түрімен бес жасынан бастап шұғылданады.  

– Бір жыл ішінде Павлодар қаласында бірінші, Өскеменде үшінші және Астана қаласында екінші орын иелендім, – дейді жас спортшы. – Маған бұл спорт түрі өте қатты ұнайды. Болашақта чемпион болғым келеді.  

Айта кетейік, аймақ үшін маңызды спорттық шараны облыс және қала басшылығының қолдауымен облыстың мәнерлеп сырғанау федерациясы ұйымдастырды.