Dombyra party: Ақтөбеде бір мезетте 6 000 бала домбыра тартты
Бүгін Ақтөбе өңірінің барлық ауданында және облыс орталығында Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған «Ел бірлігі: қасиетті домбыра» атты Dombyra party іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақтөбе облысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерекелік іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қоғам өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Өңір басшысы Қазақстан халқының бірлігі күні достықты, патриотизм мен бейбітшілікті насихаттайтын мереке екенін атап өтті.
- Біздің тәуелсіздігіміз бірлікпен, қоғамдық келісіммен және тұрақтылықпен тығыз байланысты. Бірлік күнінде ұйымдастырылған «Ел бірлігі: қасиетті домбыра» іс-шарасын өткізуіміз өте символдық мәнге ие. Өйткені домбыра - қазақ халқының музыкалық мәдениетінің басты символы. Ұлы даланың ұлттық аспабының үні Ақтөбе шаһарына, барлық аудан орталықтарына жеткізілді. 6 000 бала қазақ халқының көрнекті композиторларының өлмес шығармаларын бір мезетте орындау арқылы ұлттық музыкалық аспапқа деген сүйіспеншілігін көрсетті. Бұл үшін көп рахмет. Осындай өскелең ұрпағы бар Қазақстанның болашағы зор, - деп атап өтті өңір басшысы.
Dombyra party: Ақтөбеде бір мезетте 6 000 бала домбыра тартты
Ақтөбеде Dombyra party акциясы Өнер орталығынан бөлек, Шығармашылық академиясы ғимараты алдында, Есет батыр шағын ауданының Есетбатыр ескерткіші жанындағы алаңы секілді бірнеше жерде бір мезгілде өтті.
Іс-шараға қатысушылар А.Жұбановтың «Би», Құрманғазының «Балбырауын» және Ә. Желдібаевтың «Еркесылқым» күйлерін орындады.