Қазақ тұқымды иттер күні: Қазақстанда жаңа мереке ұсынылады

Қазақ тұқымды иттер күні: Қазақстанда жаңа мереке ұсынылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жобаны Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанда қазақ тұқымды иттерін қорғау мен насихаттау мақсатында жаңа мереке енгізу ұсынылды. Үкіметке ұсынылған жаңа жобаның аясында 3 қыркүйек күні «Қазақ тұқымды иттер күні» болып бекітілмек. Бұл шешім, әсіресе, қазақтың атадан-балаға мұра болған, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі саналатын тазы мен төбет иттерінің тарихи маңызын арттыру мақсатында қабылданған.

– Тазы мен төбет – қазақтың байырғы ит тұқымдары, қазақ халқының мақтанышы, «Жеті қазынаның» бірі. Тазы адамның аң аулаудағы таптырмас көмекшісі, сонымен қатар, төбет – ата-бабаларымыздың отары мен мүлкін қырағы қорғаушысы. Бұл тұқымдар біздің тарихымызбен байланысты және олардың шығу тегі ғасырлар қойнауынан бастау алады. Ұқсас иттердің суреттері петроглифтерде кездеседі, Қазақстан аумағында табылған тазының ең көне бейнелері біздің дәуірімізге дейінгі ХІІ-Х мыңжылдықтарға жатады, – делінген жобаның түсіндірме жазбасында.

Алайда, 20-ғасырда экономикалық, саяси және идеологиялық себептермен бұл тұқымдар санының күрт азаюы байқалған. Қазақстан Президенті осы мәселені шешуге көңіл бөліп, 2023 жылдың 3 қаңтарында қазақ тұқымды иттерін сақтап, көбейту үшін заң қабылданды.

– Бұл күн ұлттық мәдени мұраны танытуға, этнографиялық туризмді дамытуға ықпал етіп, ұлттық кинология мен оған қатысты салаларды қолдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық аренада кинология саласы бойынша өз беделін нығайтады, – деп атап өтті жоба әзірлеушілері.

Қазақ тұқымды иттер күніне арналған түрлі іс-шаралар, көрмелер мен семинарлар арқылы қазақ халқының дәстүрлі ит тұқымдарына деген қызығушылықты арттыру жоспарлануда. Бұл мереке кинологиялық ұйымдар мен әуесқойларға тәжірибе алмасуға және өз ісін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынады.

Қазақстанның Үкіметі бұл өзгерісті енгізу үшін «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулыға өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Жоба қабылданған жағдайда мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындар қажет болмайды, тек қоғамда қазақ тұқымды иттерінің маңыздылығы мен мәдениетімізге қосқан үлесін терең түсінуге ықпал етеді.