Баға, тариф, салық: Қазақстанда шұғыл шаралар қабылданды

Олар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайтуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру барысын ретке келтіру жөніндегі тапсырманы орындау мәселесі бойынша Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
Кеңес қорытындысы бойынша келесідей шешімдер қабылданды.
Бірінші.
Биылғы 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізіледі.
Премьер-Министр Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тиісті қадағалау жүргізуді, сондай-ақ ішкі нарықты ЖЖМ-мен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Екінші.
Биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады. Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының жұмысы жандандырылады, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайту ӘМАТ санатына жататын өнімдер бағасының төмендеуіне әкеледі.
Делдалдық схемаларды және сауда үстемелерін асыра қосу фактілерін анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысын күшейтуге ерекше назар аударылады.
Үшінші.
Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Тыйым салынған тізімде тек 44 қызмет түрі сақталады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіледі, бұл салықтық тексерулер мен камералдық бақылауды, сондай-ақ мәмілелерді, тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз беруді алып тастауды көздейді.
Негізгі қарыз өтелген жағдайда 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін салықтар бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылады.
ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі.
Төртінші.
Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық бағдарламалар бойынша ұсыныстардың қысқаруы аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды.
Халық үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есе ұлғаяды. Бұл «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту жолымен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады, ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.
Құрылыс компанияларымен офтейк-келісімшарттар жасалады, олар бағаны үш жылға бекіту бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.
Бесінші.
Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын жалғастырады.
Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі.
«Бәйтерек» холдингіне қысқа мерзімде шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шаралары бойынша ұсыныстар беру тапсырылды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет жүргізіп отырған реформалар елдің ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Үкімет Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру туралы нұсқауларын қатаң ұстанады.