TikTok-тағы заңсыз ойын: Қызылордада екі азамат енді көше сыпыратын болды
Олар әлеуметтік желіде заңсыз ойын ұйымдастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жедел іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде әлеуметтік желіде заңсыз ойын ұйымдастырған екі адамның жолын кесті.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, күдіктілер 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап ТікТок әлеуметтік желісі арқылы желі қолданушылары арасында «Зарик» заңсыз құмар ойынын ойнатқан. Бәс тігу мөлшері – 3 000 теңге және одан жоғары. Қаржыны күдіктінің бірі өзінің қылмыстық ойынан бейхабар әкесі мен анасы, әйелінің есепшотына қабылдап отырған.
– Сотталушылар 2023 жылғы 1 қыркүйек пен 2024 жылғы 28 мамыр аралығында 12 031 371 теңге iрi мөлшерде табыс тапқан. Тергеу барысында күдіктінің бірінің үйіне тінту барысында бес ұялы телефон, бір калькулятор, үстел бетінен ойыншылардың тізімі және аккаунттар жазылған парақтар табылды. Сондай-ақ TikTok жазуы бар екі қауашақ, ойын картасын тарату аппараты және өзге де заттар тәркіленді, – дейді департаментте.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін екі адамның Қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-бөлігі 2,3-тармағымен мүлкін тәркілеусіз екі жыл алты ай мерзімге бас бостандығы шектеліп, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.