Павлодарлық кәсіпкер мектептермен тәжірибе алмасуға дайын
Ұстаздар форумы «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» тақырыбында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің мүшесі Елена Яровенко «Заманауи талаптар жағдайындағы мектепке дейінгі балалар білімі» тақырыбында баяндама жасады.
– Мен мұғалім болмасам да, мұғалім болу өте қиын және энергияны қажет ететінін түсінемін. Мен білім беру орталығының, «ДеТвоРа» жеке меншік мектебі мен балабақша жетекшісі болған соң бүгінгі шараға қатысып отырмын. Сіздерге осы мамандықты таңдағандарыңыз үшін зор алғыс. Мұнда көптеген ардагерлерді, әртүрлі аудандық және қалалық мектептердің өкілдерін көріп отырмын. Мектептермен тәжірибе алмасуға, ынтымақтастық жасауға қуана келісетін едім, – деп атап өтті Елена Яровенко.
Орталық басшысы әсіресе соңғы оқиғаларға байланысты мұғалім мен шәкірт арасындағы тандем бүгінгі күнге дейін маңызды екенін атап өтті.
– Біріккен жұмыс арқылы ғана сапалы нәтижені көре аламыз. Біз өз мектебіміздің үлгісінде қызметкерлерге бір жыл ішінде тәжірибелі мұғалімнен тәжірибе алуға және одан кейін жұмысқа кірісуге мүмкіндік беретін бағдарламаны енгіздік. Мұғалім үшін ең маңыздысы – ұжымдағы қолайлы жағдайлар мен атмосфера. Сіздер студенттерге адалдық, мейірімділік сияқты адами қасиеттерді үйретесіздер, – деді Елена Яровенко.
Форумда білім беру ұйымдарының өкілдері, басшылар мен мұғалімдер сөз сөйлейді. Шара Қазақстандағы білім беруді дамытудың өзекті мәселелеріне, білім беру қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, педагогикалық еңбекті қолдау мен ынталандыруға, сондай-ақ жас мұғалімнің қазіргі жағдайдағы рөлі мен міндеттеріне арналды.