Елімізде ақылы мектептерде білім алу құны 2 есе арзандайды
Елімізде ақылы мектептерде білім алуға ата-аналар төлейтін төлемақы мөлшері 2 есеге қысқартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын және мыналарды: республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 600 еселенген мөлшерінде және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын; республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 200 еселенген мөлшерінде Халықаралық бакалавриат ұйымында авторландырудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшері бекітілсін, – делінген ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту миинстрі бұйрығының жобасында.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшеріне білім алушылардың тұру (интернаттық ұйымдар), оларды жекеменшік орта білім беру ұйымына жеткізу және (немесе) кері қарай тасымалдау, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарынан тыс қосымша білім беру қызметтері мен білім беру, сондай-ақ ерікті түрде жүзеге асырылатын білім алушылардың тамақтануы үшін төлемақы қосылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін жекеменшік ұйымдардаға ата-аналардың төлемақысы 1 200 АЕК-ті, ал Халықаралық бакалавриат ұйымында авторландырудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратын жекеменшік ұйымдарында 2 400 АЕК-ті құраған болатын.
Елімізде 1 АЕК 3 450 теңгені құрайды.