Көшпенділер ойыны: көкпардан Моңғолия құрамасы оқу-жаттығу жиынын аяқтады
Апта бойы ұлттық құраманың атынан қатысатын 19 спортшы алдағы халықаралық жарыстарға қатысу үшін жаңа тактикалық әдістерді әзірлеп, шеберліктерін шыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары Дирекциясының мәліметінше, Моңғолияның ұлттық құрамасы Баян-Өлгей аймағында көкпардан кезекті оқу-жаттығу жиындарын сәтті аяқтады. Жиында командалық ойын дағдыларын жақсартуға, тиімді стратегияларды әзірлеуге және спортшылардың физикалық төзімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
– Біздің команда алдағы ойындарда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барын салады. Өз күшімізге деген сеніміміз мол және моңғол көкпарының барлық әлеуетін көрсетуге ниеттіміз. Біздің спортшылар батыл және жеңіс үшін күресуге дайын, – дейді «Көкпар» федерациясының президенті Ром Әуесхан.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар бойынша жарыс 9-12 қыркүйек аралығында «Қазанат» ипподромында өтеді. Көкпарға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей елдерінен командалар қатысады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.