Қазақстандық спортшы ел қоржынына алғашқы алтынды алып келді

Қазақстандық спортшы ел қоржынына алғашқы алтынды алып келді
Фото: @qaz_team_official

Италияның Турин қаласында өтіп жатқан ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада Анастасия Городко жеңімпаз атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, фристайл-могулдан жарысқа қатысқан отандасымыз, Қазақ спорт және туризм академиясының 3-курс студенті Анастасия Городко 79,79 ұпай жинап, жеңімпаз атанып, Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелді. Екінші орынды жапониялық Харуко Накао (76,29 ұпай) иеленсе, үздік үштікті германиялық Ханна Уисе 75,04 ұпаймен қорытындылады.

– Универсиада ойындарында Анастасия Городко өз шеберлігін дәлелдеп, Қазақстанға алғашқы алтын медальді әкелді. Қалған спортшыларымыз да тамаша өнер көрсетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғады. Универсиадада өз өнерлерін көрсететін басқа спортшыларымызға да сәттілік тілейміз! Еліміздің студенттері жеңіс тұғырынан көріне берсін! – деп жазды өзінің telegram-парақшасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат.

Финалда өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс докторанты Аяулым Әмренова 5-орынға тұрақтады.