Майқайың спорт мектебіне автобус сыйға тартылды

Майқайың спорт мектебіне автобус сыйға тартылды
Фото: Баянауыл ауданының әкімдігі

Енді спортшылар бұл көлікпен түрлі жарыстарға бара алады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Майқайың кентінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі 2005 жылы ашылған. Ғимаратты 2004 жылы Майқайың кентінің балаларына Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Орынжан Қабдулов өтеусіз берген. 

2005-2015 жылдар аралығында нысан Екібастұз қаласының «Жасыбай» спорт мектебінің филиалы ретінде жұмыс істесе, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін Баянауыл ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөліміне қарасты болған. Ал 2021 жылы Павлодар облысы туризімді және спортты дамыту жөніндегі басқармасының қарамағына тапсырылған. 

– Облыс әкімі Асайын Байхановтың өткен жылғы қарашада Майқайың кентінің тұрғындарымен кездесуінде  спорт мектебін техникамен қамту  мәселесі көтерілген болатын. Сол кездесуде облыс әкімі бұл сұрақтың қолға алынатынын айтып, көңілге сенім ұялатты. Айтылған уәде орындалып, балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне автобус табысталды, – дейді әкімдікте. 

Алғашқы жылдары спорт мектебінде бокс, дзюдо, волейбол, шахмат, футбол спорт түрлері бойынша бөлімшелер болды. Кейіннен қазақ күресі, самбо, белбеу күресі, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шайбалы хоккей, асық ату бөлімшелері ашылды. Бүгінгі күні мектепте 588 бала мен жасөспірім жаттығады.