Павлодарлық боксшы қыз кадеттер арасында Азия чемпионы атанды
15 жастағы спортшы бокс әлемінде Hatch лақап атымен танымал, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі Хатшэпсут Садвакасова Ташкентте өткен кадеттер арасындағы бокстан Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.
Спорт шеберлігіне кандидат, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының мүшесі турнир барысында төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Павлодарлық спортшы алтын медальға барар жолда Жапония, Қытай, Иордания және Өзбекстан елдерінің өкілдерін жеңді. Финалда жарыс қожайынының спортшысынан басым түсті.

Мектеп жетекшісінің профильдік жұмыс жөніндегі орынбасары Марал Ахметованың айтуынша, бұл жетістік – жүйелі дайындық, жаттықтырушылардың кәсіби еңбегі және спортшының табандылығының нәтижесі.
– Халықаралық деңгейдегі жеңіс Павлодар боксы мектебінің әлеуеті жоғары екенін дәлелдеп, өңірде балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына серпін береді, – деді Марал Ахметова.
Бүгінде Хатшэпсут Садвакасова қазақстандық бокстың жаңа буынының жарқын өкілдерінің бірі саналады. Ол өткен жылдың қаңтар айынан бері

жаттықтырушы Марат Қырықбаевтың жетекшілігімен олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алып келеді.
Хатшэпсут боксқа он жасында келген. Оның алғашқы бапкері әкесі – Рустам Садвакасов болды. Отбасының қолдауы, жаттықтырушыларға деген сенім және қайсар мінезі спортшыға бірнеше жылдың ішінде халықаралық деңгейдегі чемпион дәрежесіне көтерілуге мүмкіндік берді.
– Соңғы бір жылда спортшы ерекше қарқынмен өсіп, өз жас санатында көшбасшыға айналды. Өткен жылдың ақпан айында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жарысында бесінші орын алғанына қарамастан, ол қателіктерімен мұқият жұмыс істеді. Сол жылдың қазанында Павлодарда облыс чемпионатын жеңіп алса, желтоқсанда Таразда өткен қыздар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында алтын медаль иеленді, – деп хабарлады мектеп өкілдері.
2026 жылдың ақпан айында Хатшэпсут халықаралық аренада сәтті дебют жасап, Румынияның Плоешти қаласында өткен DRAGULA OPEN турнирінің жеңімпазы атанды. Ал осы маусымдағы ең ірі жетістігі – U-17 жас санатындағы Азия чемпионатының алтыны болды.
Садвакасовтар отбасында боксқа деген сүйіспеншілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Хатшэпсуттың үш әпкесі де бұл спортта елеулі табыстарға жеткен. Анжа – спорт шебері және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Эвника – жастар құрамасында өнер көрсетеді, ал Аделаида жасөспірімдер құрамасының мүшесі әрі халықаралық жарыстардың жүлдегері.
U-15 және U-17 жас санаттарындағы Азия чемпионаты Ташкент қаласында 3-15 мамыр аралығында өтті.