Павлодарда 35 жаңа спорт алаңы пайда болады

Павлодарда 35 жаңа спорт алаңы пайда болады

Қалада 18 жаңа мини-футбол мен 17 стритбол алаңы салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс орталығының дамуы жөніндегі кеңесте Павлодар әкімі Ержан Иманзайыпов ақпарат жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қалада 100 воркаут алаңы 50 жиынтық көше тренажері пайда болады.

Одан бөлек, қолданыста бар 23 мини-футбол алаңында жаңа 3D-қоршау салынады, 12 алаңда жасанды көгал жаңартылады. 18 жаңа мини-футбол және 17 стритбол алаңы орнатылады.

Қала әкімі өңір басшысы Асайын Байхановтың орталық жағалау маңындағы Қайырбаев-Астана көшелері қиылысында орналасқан стритбол алаңының тағдыры туралы сұрағына жауап берді.

- Ол толығымен жаңартылады, 3D-қоршау орнатылады, өйткені онда доптың жолға ұшып кету қаупі бар. Онда екі стритбол алаңы болады. Жағажайдың өзінде футбол мен волейбол стадиондары жасалады. Онда көрермен отыратын орындар ұйымдастырылады, - деді Ержан Иманзайыпов. 

Айта кетейік, облыстың қалалары мен аудандарының дамуын талқылау дәстүрге айналады. Кезекте Екібастұз бен Ақсу жоспарлары тұр.

Айбек Жұматов

Фото: Константин Шелков