Мобильді киіз үй: Павлодарда ең үздік әуесқой шахматшылар анықталды
Облыс орталығында «Шахмат керуені» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
24 қыркүйекте «Ertis Promenade» сахнасында шахматшылар үшін ауқымды шара ұйымдастырылды. Шахмат керуені жобасының мақсаты – еліміздің барлық қалаларын аралап, шахмат спортын дамыту. Керуен Павлодарға дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағанды қалаларына сапармен барып қайтты. Керуеннің келуі аясында Қазақстан шахмат федерациясының Павлодар облыстық филиалы ашылды. Оның төрағасы болып кәсіпкер Артур Шпейзер тағайындалды.
– Қазақстан әлемдік аренада өте жақсы танылып жатыр. Соңғы 12 айдың өзінде елімізде үш рет әлем чемпионаты, Азия чемпионаты және бірнеше ірі халықаралық турнир өтті. Біз шахмат қозғалысының әр өңірде дамығанын қалаймыз. Павлодар тұрғындары үшін де шахмат – маңызды спорт түрлерінің бірі, – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Алаңда тігілген мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы және шахмат турнирі өтті.
Турнир жеңімпазы 33 жастағы кәсіпкер Бақыт Джанғабілов атанды. Ол он жасынан бастап шахматпен айналысып жүр. Бақыттың айтуынша, шахматта теориялық және физикалық дайындық маңызды және ол зейінді жинақтауға көмектеседі.
– Шахмат интеллектті қалыпты ұстауға көмектесіп, табандылық пен қиялды дамытады. Турнирдегі қарсыластар батыл, жас және өте шапшаң екен. Сондықтан қарсыласу қиын болды, бірақ мен өз стратегиямды қолдандым. Соның нәтижесінде жеңіске жеттім, – дейді Бақыт Джанғабілов.
Турнирде екінші орынды Сүлейман Ахмет, ал үшінші орын Натан Кертаевқа бұйырды. Жүлделерді халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраев табыстады.
Облыстық турнирдің жеңімпаздары 10 қараша күні Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.