Павлодар облысында Наурыз мерекесінде 80-нен астам спорттық шара ұйымдастырылады

Павлодар облысында Наурыз мерекесінде 80-нен астам спорттық шара ұйымдастырылады
Фото: Константин Шелков

Сайыстар Наурызнама онкүндігі аясында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында атап өткендей, спорттық шаралар аймақтың бес мыңнан астам тұрғынын қамтиды.

– Асық ату, арқан тарту, қазақ күресі, садақ ату және тоғызқұмалақ ойындары – бәрі спорттық жарыстар бағдарламасына енеді. Халық ойындарының ішінде қой көтеру, «жілік сындыру», «ләңгі» және «көңілді старт» бар. Бұдан бөлек, волейбол, баскетбол, шағын спорт түрлері, самбо және күрес бойынша турнирлер өтеді. Барлық жарыстар Наурызнама онкүндігі аясындағы ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылып, үш қаланың орталық алаңдарында халық көп жиналатын жерде өткізіледі. Биыл қатысушылар саны өткен жылға қарағанда әлдеқайда көп болады деп күтілуде, – деді Азамат Имашев.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова Ұлыстың ұлы күніне арналған мәдени және білім беру бастамаларын жария етті. Онкүндікке 800-ден астам білім беру ұйымы қатысады.

- Онкүндік аясында мектептерде, балабақшаларда және білім беру орталықтарында үш мыңнан астам іс-шара жоспарланған. Олардың ішінде ұлттық мәдениетті және дәстүрлі бейнені насихаттауға бағытталған «Ұлттық киім - ұлттық рух» атты облыстық челленджі бар. Сонымен қатар, оқушылар арасында «Күй күбірі» ойыны бойынша жарыстар өтеді. Бағдарламаның жеке бір бөлігі ұлттық спорт түрлеріне арналады, - деді Айгерім Әбенова.

Облыс әкімі Асайын Байханов Наурызнама тұжырымдамасына тұрғындарды кеңінен тартудың маңыздылығын атап өтті. Ол қала және аудан әкімдеріне 13 наурызға дейін орталық алаңдар мен іс-шара өтетін орындарды мерекелік безендіруді аяқтауды тапсырды.

2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған байланысты Наурызнама онкүндігі Digital Nauryz форматында 14–23 наурыз аралығында өтеді. Gov.kz платформасында арнайы «Digital Nauryz» беті ашылып, eGovMobile қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберіледі.

Аймақта екі мыңнан астам іс-шара жоспарланған, оның ішінде Nauryz Day - Nauryz Sale акциялары бар. 22 наурызда Павлодардың шағын аудандарында 35 киіз үй, Екібастұзда - 25, Ақсуда - 20 киіз үй тігіледі.

Павлодардың орталық алаңында әрқайсысы төрт киіз үйден тұратын алты тақырыптық ауыл ашылады. Бұдан бөлек, тарихи мұра, 2026 жылдың мерейтой иелері, ЖИ пен цифрландыруға, ұлттық ойындарға, балалар шығармашылығы, робототехника және заманауи мәдени бастамаларға арналған он көрмелік киіз үй бой көтереді.

Концерттік бағдарлама да ерекше болмақ: сахнада Ысқақ Байзақов атындағы облыстық филармония әртістері, сондай-ақ шақырылған жұлдыздар – Қайрат Нұртас, Еңлік және «Тұран» тобы өнер көрсетеді.