Наманай батыр тойындағы жеңіс: павлодарлық спортшылар олжалы оралды
Фестиваль Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ хандығының XVI ғасырдағы атақты жауынгері әрі қолбасшысы, Наманай батырға арналған республикалық фестивальде ұлттық спорт түрлерінен – көкпар, асық ату, қой көтеру және қол күресінен жарыстар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздары қатарында біздің жерлестеріміз де бар.
Павлодар облысының намысын Май ауданынан – Кеңтүбек және Көктөбе ауылдарының спортшылары қорғады. Айта кетерлігі, олар елге жүлдесіз қайтқан жоқ. Бұл жетістікке облыстық құраманың өкілі, жаттықтырушы әрі тәлімгер Ақылбек Адамжановтың да үлесі зор.
Қаратерак ауылының тұрғыны Қалел Диас қой көтеру сайысында 26 қатысушының арасынан бірінші орын алды. Ол екі минут ішінде қойды 104 рет көтеріп, қарсыластарынан қара үзген.
Қол күресінен бірінші орынды тәжірибелі спортшы Дамир Шаяхмет пен Еркебұлан Ергеш бөлісті. Екі спортшы бас жүлдені яғни 300 мың теңгені де өзара бөлісті.
Ал Павлодар облысынан барған ең жас қатысушы – 17 жастағы Шәди. Ол асық ату сайысында бақ сынады. Бұл ойын спортшыдан тек мергендікті ғана емес, жақсы көз мөлшерін, ептілікті, қимыл үйлесімділігін және әрекетін алдын ала есептей білуді талап етеді. Бұл спорт түрінен барлығы 84 спортшы бақ сынады.
Алайда спартакиада тек спорттық жарыспен шектелген жоқ. Ұйымдастырушылар арнайы аумаққа 60-қа жуық киіз үй тігіп, әрқайсысында қонақтарға шай, қымыз, ұлттық тағамдар мен түрлі дәм ұсынылды. Кешкі уақытта республикалық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті.