Павлодардан шыққан еліміздің бес дүркін чемпионы жаңа формада ойнайды (ФОТО)
«Ертістің» жаңа жейдесін таяуда сатып алуға мүмкіндік болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Испаниялық «Kelme» сауда белгісі әзірлеген жаңа форма клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. Жаңа киім-кешек түстері команданың дәстүрлі реңктеріне сәйкес келеді.
- Бізге жаңаша дизайндағы ерекше стильдегі форма керек болған соң дәл осы брендті таңдадық. Өзіңіз көргендей, жейдеде ақ пен көк түсті, яғни дәстүрлі түстерді сақталғанмен, онда көзге көрінетін жаңаша шешімдер де бар. Оған қоса, «Ертіс» Қазақстанның өзге клубтарынан ерекше ұтымды көрінетін болады, - деді «Ертіс» ФК директоры Ермек Ермекбай.
Клуб басшылығы «Kelme» фирмасына ерекше сенім артуда. Болашақта испан әзірлеушісі «Ертістің» барлық командаларын киіндіреді деген жоспар бар.
Атрибутиканы саудаға шығару мәселесіне келсек, клуб директоры айтып өткендей, Павлодарда жаңа фанаттық дүкеннің ашылуы алдағы екі-үш ай еншісінде. Оған дейін клубтық мерч онлайн-режимде сатылмақ.
«Kelme» - 1963 жылы негізі қаланған спорттық киім-кешек шығарумен айналысатын испан фирмасы. Ол футболдан Босния және Герцеговина құрамасы, сондай-ақ «Эспаньол», «Уотфорд» пен «Боавишта» секілді белгілі клубтарға форма тігіп шығарады.
Айта кетейік, бүгін «Ертіс» төрт жылдан кейін тұңғыш ресми матчын өткізеді. Ол Қазақстан Кубогінің топтық кезеңіндегі «Хат Тәңіріне» қарсы кездесу болмақ. Кездесу 16.00-де басталады. Көрсетілімді Q Football/Q Arena телеарнасы немесе QFL.KZ сайтыннан көруге болады.
Фото: «Ертіс» ФК баспасөз хатшысы Айдана Рахымберлина