Павлодар қаласының тарихы мен бүгінгі тынысы бір көрмеде тоғысты

Павлодар қаласының тарихы мен бүгінгі тынысы бір көрмеде тоғысты
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Тұрғындардың үздік кадрлары көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің өлке тарихын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Гүлжайнат Әлиеваның айтуынша, көрмеге сүйікті қаласының көрікті жерлерін суретке түсіруді ұнататын барлық тұрғындар шақырылған.

Экспозиция музей қорындағы Павлодар тарихынан сыр шертетін экспонаттармен толықтырылған.

– Біз қала тарихына, оның ірі өнеркәсіп орталығы ретінде қалыптасуына қатысты жәдігерлерді іріктеп алдық. Сондай-ақ өмірі Павлодармен байланысты мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлері туралы материалдар да қойылған, – деді бөлім жетекшісі.

Экспозицияда қазіргі танымал павлодарлықтарға қатысты жәдігерлер ерекше орын алады. Олардың қатарында «Грэмми» сыйлығының иегері Иманбек Зейкеновтің платиналы дискісі, сондай-ақ әлемге әйгілі опера әншісі Мария Мудряктың концерттік көйлегі, дискілері және бала кезіндегі фотосуреттері бар.

Музей қорында болашақ өнер иесінің бес жасында өлкетану музейінде өткен іс-шара кезінде түсірілген фотосуреті де сақталған.

Сонымен қатар, келушілер Павлодар трактор зауытының кәдесыйларын, 1982 жылы №19 мектептің ашылуында табысталған символикалық кілтті, сондай-ақ Павлодардың мерейтойлық даталарына орай шығарылған естелік сыйлықтарды тамашалай алады.

Көрме екі апта бойы жұмыс істейді.