Павлодар облысында құжатсыз қайық басқарған азамат айыппұл арқалады
Рейд барысында тағы төрт заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шілде айынан бастап төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде заң талаптарының орындалуын бақылау және су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында рейдтер жүргізіп келеді.
Облыс аумағында шомылу маусымы жалғасуда. Осыған байланысты мамандар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп күн сайын профилактикалық шаралар ұйымдастыруда. Сонымен қатар, су айдындарында кезекшілік атқаруда.
Осы кезеңде 15 рейд өткізіліп, шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзудың төрт дерегі тіркелді. Барлық құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 582-бабы бойынша хаттама толтырылып, жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінде.
Атап айтқанда, Ертіс өзенін патрульдеу кезінде құтқарушылар моторлы қайықты басқару құқығын растайтын құжаты жоқ азаматты анықтады. Ол аталған бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 150-ден астам бақылау шарасы өткізілді. Соның нәтижесінде 100-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға тиісті айыппұлдар тағайындалған.
Суда жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға арнайы жабдықталмаған және тыйым салынған аумақтарда шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, сондай-ақ алкогольдік масаң күйде суға түсу жатады.
Төтенше жағдайлар департаменті су айдынында қауіп туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласуға шақырады.