Павлодар облысы ұлттық жобаны іске асыру қарқыны жоғары өңірлердің қатарына кірді
Оның негізгі мақсаты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруда оң динамика байқалған өңірлердің қатарына кірді. Жұмыс барысы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды.
Ұлттық жоба Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы қабылданған. Оның басты мақсаты – тозған инфрақұрылымды жаңарту, коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту.
2025-2029 жылдары жобаның жалпы инвестициялық портфелі 13 триллион теңгеге бағаланып отыр. Оның 6,8 триллион теңгесі коммуналдық секторға, ал 6,2 триллион теңгесі энергетика саласына бағытталады.
Осы кезеңде 84 мың шақырым желіні жаңғырту, 7309 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу, сондай-ақ 27 генерация нысанын салу немесе реконструкциялау жоспарланған.
Биыл Қазақстан бойынша жоба аясында 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1,1 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Салыстыру үшін, былтыр 547 миллиард теңге қаржыландыру есебінен 6,6 мың шақырым желі жаңартылған.
Сонымен қатар ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділік кеңейіп келеді. 2026 жылы 625 миллиард теңге көлемінде қарыздық қаржыландыру мақұлданды. Қаражат халықаралық қаржы ұйымдарының, қазақстандық банктердің және «Бәйтерек» холдингінің қатысуымен тартылуда. Үкіметтің мәліметінше, бұл қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржы ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Павлодар облысында биыл ұлттық жобаға бес табиғи монополия субъектісі қатысып отыр. Олар ұсынған жобалардың жалпы құны 24,87 миллиард теңгені құрайды.
Ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелері де жаңғыртылуда. Электронды платформада жалпы құны 330 миллиард теңге болатын 105 жоба орналастырылған. Бұдан бөлек, жалпы сомасы 209 миллиард теңгені құрайтын 516 жоба жалпы сипаттағы трансферттер есебінен қаржыландырылуда.
Энергетика секторында 2029 жылға дейін 77,5 мың шақырым электр желісін және 1,6 мың шақырымға дейін жылу желісін жаңғырту жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде электр желілерінің орташа тозу деңгейін 67 пайыздан 45 пайызға дейін, ал жылу желілерінің тозуын 50 пайыздан 42 пайызға дейін төмендету көзделген.
Коммуналдық саланы цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Елде Smart Turmys бірыңғай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар коммуналдық ресурстарды есепке алу құралдары мен тиісті бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандарттар енгізілмек.
Премьер-Министр Олжас Бектенов инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап, оны одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті. Өңірлерге жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, бөлінген қаражатты тиімді игеру міндеті қойылды.
Павлодар облысы үшін ұлттық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру тек тозған инженерлік желілерді жаңартумен шектелмейді. Сонымен қатар, өңірде қосымша энергетикалық резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, Екібастұзда жалпы қуаты кемінде 450 МВт болатын жаңа генерация нысандарын салу жоспарланып отыр.