Павлодарда алғаш рет ауқымды LowKzMeet автофестивалі өтеді

Павлодарда алғаш рет ауқымды LowKzMeet автофестивалі өтеді
ЖИ иллюстрациялық суреті

Шара күздің алғашқы сенбісіне жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді. 

– 5 қыркүйекте Павлодар қаласында алғаш рет ауқымды мерейтойлық LowKzMeet автофестивалі ұйымдастырылады. Автоәуесқойларды біріктіретін шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жүздеген ерекше әрі эксклюзивті автокөлік қатысады, - деді қала әкімі.

Фестиваль барысында келушілер түрлі дизайндағы және бірегей жобалар негізінде жасалған автокөліктерді тамашалай алады. Ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мазмұнды бағдарлама әзірлеп жатыр.

– Өз көлігін фестивальде таныстырғысы келетін автоәуесқойлар да шараға қатысуға өтінім бере алады. Ерекше дизайнымен көзге түсетін және көпшіліктің назарын аударуға лайық автокөлік иелері lowkzmeet.kz сайты арқылы өтінім жолдай алады. Үздік жобалар арнайы іріктеуден өтіп, фестивальге қатысу мүмкіндігіне ие болады, - деді шақар басшысы.

Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара Ertis Pavlodar ипподромында 5 қыркүйек күні сағат 13:00–21:00 аралығында өтеді.Кіру тегін.

Ұйымдастырушылар павлодарлықтар мен қала қонақтарын LowKzMeet автофестиваліне қатысып, еліміздің әр өңірінен жиналатын ерекше автокөліктерді тамашалауға шақырады.