Екібастұзда инклюзивті балабақша, саябақ және тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда
Жұмыс сапары барысында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарының барысы тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байханов алдымен 31-ші шағын ауданда салынып жатқан 140 орындық инклюзивті балабақшаға барды. Жоба «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта нысанда сыртқы инженерлік желілерді тарту, терезелерді орнату және ішкі жылу жүйесін монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазір шатырын жабу жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл балабақша өңірдегі заманауи инклюзивті мектепке дейінгі мекемелердің алғашқысының бірі болады. Құрылыс жұмыстарының сапасына және мекемені қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет, – деді Асайын Байханов.



Облыс әкімі сондай-ақ «Шахтер» қалалық саябағын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Қазір мұнда құрғақ субұрқаққа арналған жабдықтар орнатылып, автоматтандырылған суару жүйесі мен инженерлік желілер тартылуда. Бұдан бөлек, аумақ абаттандырылып, шағын сәулеттік нысандар қойылып жатыр. Сахна, бақылау төбешігі және ту тұғырының құрылысы аяқталған, бетоннан жасалған скейт-парк салынып жатыр.
– Бұл саябақ екібастұздықтардың сүйікті демалыс орнына айналуы тиіс. Мұнда тұрғындардың демалуына, спортпен шұғылдануына және отбасымен уақыт өткізуіне қолайлы заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылады, – деп атап өтті облыс әкімі.


Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов 9-шы шағын ауданда салынып жатқан бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылыс алаңында да болды. Құрылыс аяқталғаннан кейін 120 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Қазір екі үйде де ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінде Екібастұз қарқынды даму кезеңін өткеріп, ірі индустриялық орталыққа айналып келеді. Осындай жағдайда тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету өте маңызды. Сондықтан тұрғын үй құрылысы басым бағыттардың бірі болып қала береді, – деді Асайын Байханов.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық жобадағы жұмыстарды белгіленген кестеге сай аяқтап, құрылыс мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.