Павлодар облысында алимент бойынша 10 борышкер жауапкершілікке тартылды

Павлодар облысында алимент бойынша 10 борышкер жауапкершілікке тартылды
Фото: ӨКҚ

Облыста 335 проблемалық алимент тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Саменқұлов мәлім  етті. 

–  Әлеуметтік маңызы бар санаттағы мәжбүрлі өндірістер ерекше бақылауда тұр және бұл санаттағы мәжбүрлі орындатуға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік маңызы бар санаттағы істерге алименттерді, еңбекақыны, зейнетақыны, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша өндіру туралы атқарушылық құжаттар кіреді, – деді Айдын Саменқұлов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде алименттерді өндіру туралы 16 115 (2023 жылы – 16 091) құжат бар, оның ішінде 8980 құжат кезеңдік орындауда тұр, 7175 алимент төлеуші (2023 жылы – 6494) өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және алименттерді өздігінен төлейді. 

Бүгінде 10 борышкер жауапкершілікке тартылды. Ал іздеу жарияланған борышкерлер бойынша уақытша тоқтатылған  атқарушылық өндірістердің саны – 342. Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мәліметтеріне сәйкес, алименттер бойынша жалпы қарыз 818 143 415 теңгені құрайды. Алименттер бойынша 79 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді.

Айта кетейік, атқарушылық құжаттарды орындаудан бас тартатын борышкерлерге әсер ету тетіктеріне сот орындаушысының келесідей мәжүрлеу шаралары жатады: ақшалай қаражат, мүлікті шектеу және оны тәркілеу арқылы оны қолдануға шектеу қою және сату, ҚР аумағынан шығуға уақытша шектеу қою, борышкерге берілген арнайы рұқсаттар мен құқықтарды шектеу және т.б.