Павлодар облысында отызға жуық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Заң бұзған 27 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, әдеп жөніндегі кеңестің алты отырысында 20 тәртіптік іс, 32 профилактикалық сипаттағы жалпы 52 мәселе қаралды.
Кеңес ұсыныстары, оның ішінде тәртіптік істер бойынша шешімдер барлығы толығымен орындалды.
– Департаментпен жеті профилактикалық бақылау, 36 жоспардан тыс тексеру сынды 43 тексеру іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 1 199 заңбұзушылық анықталды, 27 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді департаментте.
Өтініштерді қарау және тексеру іс-шараларының нәтижесімен 27 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, департаментпен бақылау бағыты бойынша 2024 жылдың өткен кезеңінде 11 әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзу бойынша үш әкімшілік хаттама толтырылып, мемлекет пайдасына 83 070 теңге өндірілді.