Павлодар облысында өрт қаупін алдын ала анықтайтын заманауи жүйе іске қосылды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Itspatial компаниясы термалды аномалияларды анықтау және болжау бойынша инновациялық мониторинг жүйесін таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесуге компанияның бас директоры Ерасыл Әліпбаев пен коммерциялық директоры Абзал Жамалов қатысып, жүйенің жұмысын жанды режимде көрсетті.
Жүйенің негізгі артықшылықтарына 25-тен астам спутниктен деректер алу, ақпаратты өңдеудің жоғары жылдамдығы, желдің бағыты мен жылдамдығы, ылғалдылық, бұлттылық сияқты факторларды ескере отырып, өрттің таралуын модельдеу, интернетсіз жұмыс істей алатын офлайн-навигациясы бар мобильді қосымша жатады.
Облыстық ТЖД-де атап өткендей, бұл технология өңірде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
– Орман және дала өрттерін ерте кезеңде анықтау – олардың алдын алудың басты шарты. Жаңа жүйе бізге спутниктік деректер негізінде жылдам әрекет етуге, өрттің даму бағытын болжауға және күштер мен құралдарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді, – деді департаментте.
Кездесу қорытындысында тараптар жүйені жетілдіру бойынша ұсыныстарымен бөлісіп, одан әрі ынтымақтастық бағыттарын белгіледі.
Айта кетейік, Itspatial – табиғи процестер мен төтенше жағдайларды бақылау саласында геоақпараттық шешімдер әзірлейтін қазақстандық компания.