Павлодар облысында жүргізуші бір сапарда төрт бірдей ереже бұзды

Павлодар облысында жүргізуші бір сапарда төрт бірдей ереже бұзды

Жүргізушінің әрекеті полиция назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында облыстық полиция қызметкерлері BMW автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерінің бірден төрт талабын бұзған бейнежазбаны анықтады.

Тексеру нәтижесінде оның жеке басы жедел анықталды.

– Жүргізуші авариялық жағдай туғызғаны, көлік құралын пайдалану және маневр жасау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін де тиісті шара қолданылды, – деді облыстық полиция департаментінде.

Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің тәртібін күшейту мақсатында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Науқан басталғалы бері полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын бұзудың екі мыңға жуық дерегін тіркеді.

Ең жиі кездескен құқық бұзушылық – қауіпсіздік белдігін тақпау. Мұндай 684 жағдай анықталды. Сонымен қатар, көлік тізгінінде ұялы телефон қолданған 261 жүргізуші мен техникалық талаптарға сай келмейтін автокөлік басқарған 163 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде рөлге отырған 56 жүргізуші ұсталды.

Бұдан өзге, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз жүрген 62 көлік пайдаланудан шеттетілді. Заңсыз қайта жабдықталған 84 автокөліктің қозғалысына тыйым салынып, қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 21 фактісі тіркелді.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, мас күйінде көлік басқармауға, рөлде ұялы телефон пайдаланбауға және қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағуға шақырды.