Аққулы аудандық соты Сібір елігін заңсыз атқан төрт тұрғынға үкім шығарды
Олар мемлекетке 1 миллион теңгеден астам залал келтірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы аудандық соты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған заңсыз аң аулау фактісі бойынша (ҚК-нің 337-бабы 3-бөлігі) Павлодар қаласының төрт тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотта Н., Л., Ш. және И. есімді ер адамдардың өткен жылдың қараша айында Аққулы ауданының аумағында аң аулауға тыйым салынған жерде, арнайы рұқсатсыз, тегіс ұңғылы және тіркелмеген 12 калибрлі аңшы мылтықтарымен қаруланып, заңсыз аңшылық жасағаны анықталды.
Тергеу дерегінше, олар бұрын Сібір елігін көрген және жер жағдайын жақсы білетін И.-дың нұсқауымен Тереңкөл ауылының далалық аймағына барған. Із кесіп жүріп, қашып бара жатқан еркек Сібір елігін атып, жануардың өліміне себеп болған.
Сотталушылардың әрекеттері нәтижесінде мемлекетке «Ертіс орманы» РММ МОТР Бесқарағай филиалына 1 384 500 теңге мөлшерінде залал келгені дәлелденді.
Кінә куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындысымен және өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот залалды ерікті түрде өтегендерін және олардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, төртеуін де кінәлі деп таныды. Оларға аңшылықпен айналысу құқығынан үш жылға айыра отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Алайда, сотталғандар Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы негізінде негізгі жазадан және пробациялық бақылаудан босатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.