Павлодарда мектеп директоры көлікті мас күйінде басқарған
Бұзушылығы үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотымен көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған ауылдық орта мектептің директорына қатысты әкімшілік іс қаралды.
- Іс материалдарына сәйкес, 15 қыркүйек күні мектеп басшысы көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған. Сот отырысында құқық бұзушы алкогольдік ішімдік ішпегенін айтып, кінәсін мойындамады. Ал сотта жүргізушінің уәждері сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, лауазымды тұлғаның түсініктемесімен және бейнежазбамен жоққа шығарылды, - делінген хабарламада.
Сот қаулысымен ол ҚР ӘКБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Әрі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жазаға тартылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.