Павлодарда жылы аялдамалар жұмысын бастады
Биыл қыста Павлодар тұрғындары қоғамдық көлікті 17 жылы павильонда күтеді , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта кейбір жылы аялдамаларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған павильондар тұрғындарға белгіленген кесте бойынша қызмет көрсетуде.
– Жылы аялдамалар күн сайын сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Павильондардың тазалығын сақтау мақсатында күніне екі рет – таңертең және кешке тазалық жұмыстары жүргізіледі. Аялдамалардың үшеуі жалға берілген, қалғандары белгіленген тәртіппен күтіп-ұсталады, – деді баспасөз қызметіндегілер.
Қаладағы жылы аялдамалар бірнеше аумақта орналасқан. Олардың қатарында «Вокзал-1», «Вокзал-2», «Отау», «Восточный» шағын ауданындағы №41 мектеп маңы, «Караван» сауда үйі, сондай-ақ Дачный шағын ауданындағы «Гринвич» сауда орталығының қарсы беті бар.
Сонымен қатар, жылы павильондар №4 емхана маңында, Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт жанында, Айманов көшесіндегі соңғы аялдамада, «АЦТО» аялдамасында, Олжабай батыр және Лермонтов көшелерінің бойында орналасқан.
Айта кетейік, жылы аялдамалардың барлығына бейнебақылау камералары орнатылған. Кейде павильондарда ішімдік ішкен азаматтардың түнейтін кездері де кездеседі. Мұндай жағдай орын алса, тұрғындар полицияға хабарлай алады. Ал патрульдік полиция қызметкерлері оларды арнайы бейімдеу орталығына жеткізеді. Мамандар тұрғындарды қоғамдық тәртіпке бейжай қарамай, тиісті органдарға хабарлауға шақырады.