Екібастұздық спортшы манежде үшінші ультрамарафонын бағындырды
Әуесқой спортшы Вячеслав Килясов жеке рекордын жаңартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қарағандыда дәстүрлі ультрамарафон 17-ші рет өтті. Жыл сайын елдің мықты спортшыларын жинайтын бұл дода Вячеслав үшін үшінші сынақ болды.
– Екі жыл бұрын алғаш рет манежде өткен ультрамарафонға қатыстым. Ол кезде 12 сағатта 102 шақырым жүгірдім. Өткен жылы – 107 шақырым. Биыл жеке рекордымды қайта жаңартқым келді, сондықтан өткен жылғы қателіктерді ескеруге тырыстым. Пойызда ұйықтап алдым, вокзалда тағы үш сағат тынықтым, – деп бөлісті спортшы.

Жарыстың алғашқы метрлерінен-ақ ол жүрек соғысын қатаң бақылап отырды – минутына 153 соққыдан аспады.
– Бұл – өткен жылғы орташа көрсеткішім. Бірақ ол кезде тым жылдам бастап қойып, соңғы алты сағатты жүгірісті жүріспен аяқтадым. Биыл алғаш рет спорттық сағат қолдандым: жүрек соғысын тұрақты бақылау, айналымдарды қолмен белгілеу, нақты қашықтық. Бақылау үлкен артықшылық берді, – деді Вячеслав.

Манеждегі салқын ауа ырғақты сақтауға көмектесті, жаңартылған жолдар мінсіз жағдай жасады. Жүгіруші тамақтануға да ерекше мән берді.
– Әдеттегідей өзімнің тексерілген тағамымды және түрлі сұйықтықтарды алып келдім. Әр бес шақырым сайын аздап тамақтанып, сусын ішіп отырдым. Су-тұз балансы мен энергияны толықтырдым. Анда-санда ұялы телефонымды алып, қысқа бейнежазба түсіріп алдым, – деді ультрамарафоншы.
Алғашқы алты сағатта ерлер арасында бес мықты спортшы 60 шақырымнан асты. Вячеслав бестіктің соңында келе жатты, бірақ сабырмен, «салқынқанды» жүгірді.
Нәтижесінде ол абсолюттік есепте үшінші орынға көтерілді.
– Барлық 12 сағатты бір қарқында – шамамен шақырымды алты минутта және алдын ала есептелген тұрақты жүрек соғысында жүгіріп шықтым, – деп атап өтті Вячеслав.

Осылайша, әуесқой спортшы жарты тәулікте манежде 587 айналым жасап, 117 шақырымды еңсерді. Ол өткен жылғы нәтижесін бірден 10 шақырымға жақсартып, ең үздік ультрамарафонын өткізді.
– Мұның бәрі кешенді дайындықтың арқасы: дұрыс жаттығу, тамақтану, демалыс, жарысқа дайындық және нақты жоспарды 100 пайыз орындау, – деп түйіндеді спортшы.
Вячеслав «ерекше» жүгірістерімен танымал. Өткен жылы Жеңіс күні ол кеншілір шаһарынан Павлодарға дейінгі 143 шақырымды 26 сағатта жүгіріп өтті.
Қаладағы кеншілердің ұлы бірнеше жыл бұрын жүгіруге әуестенді. Алдымен жартылай марафондар мен классикалық марафондардан бастады, кейіннен ұзақ қашықтықтарға ғашық болды.