Павлодарда қаржы пирамидасы құрықталды
Биыл аймақта ҚР Қаржы мониторингі агенттігі төрт фактіні зерттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-ші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбековтің мәлімдеуінше, соңғы үш жылда қаржы пирамидаларын анықтау 2,5 есе жуық өскен.
– Өкінішке орай, адамдар тез және көп ақша табуға үміттеніп, алаяқтардың тұзағына түсіп қалады. Биыл 2022 жылдың қазан айынан бастап еліміздің алты қаласы – Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз, Семей, Аягөз аумағында өз жұмыстарын жүзеге асырып жүрген HAS Holding қаржы пирамидасы құрықталды. Пирамиданы ұйымдастырушылар компанияның инвестициялық жобаларының салымшысы болуды, 25-45 күн аралығында 70 пайызға дейін пайда табуды ұсынған, – деді Жоламан Қиналбеков.
Аталмыш қаржы пирамидасында 7,6 миллиард теңгеден астам сомаға 5000-нан астам салымшымен 18000-ға жуық шарт жасалған. Күдіктілердің құны 1,4 миллиард теңге болатын ақшалай қаражатының мүлкіне сот тыйым салды. 2023 жылдың наурызынан бастап, осы уақытқа дейін соттың санкциясымен қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар қамауда болды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта, процесс жалғасуда.
– Бұдан бөлек, 2018-2022 жылдар аралығында Екібастұз қаласының аумағында қаржы пирамидасының белгілері бар Qnet компаниясының заңсыз қызметін ұйымдастыру бойынша іс қаралды. Заң бұзушылар жалпы сомасы 33 миллион теңгеге 28 адамға зиян келтірген. Ағымдағы жылғы 13 маусымда сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, 217-бап бойынша алты жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қазанында «Takorp» компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Аталмыш қаржы пирамидасының жұмысы шамамен төрт айды құраған. «Takorp» ұйымы өз қызметін Астана қаласы мен Павлодар облысының аумағында жүзеге асырған. Олар өз жұмысын қысқа мерзімде салынған қаражаттың 50 пайызын бере отырып, АҚШ аумағында жарнама қызметін жүзеге асыратын ұйым ретінде көрсетеді. Бүгінгі таңда 40-тан астам адам жәбірленуші ретінде танылды. Тағы да жәбірленушілерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Басқарма басшысы егер де қаржы пирамидасының құрбаны болған жағдайда немесе қандай да бір ақпарат болса, 613305 телефон нөмірі арқылы хабарлауға болатынын еске салды.
Айта кетейік, қаржы пирамидасын құрғаны үшін ҚР ҚК-нің 217-бабы бойынша мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруға дейін қылмыстық жауаптылық көзделгенін.