Павлодар облысында жыл басынан бері мыңға жуық адам жол апатында жарақат алды

Павлодар облысында жыл басынан бері мыңға жуық адам жол апатында жарақат алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолда абай болуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті мәліметінше, өңір жолдарында 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 42 адам қаза тауып, 998 адам жарақат алған.

– Тек демалыс күндері үш оқиға тіркелді. Мысалы, «Железин – Михайловка» автожолында Mernodi 200 маркалы мотоциклдің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Салдарынан жолаушы зардап шекті. «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» автожолында Ақтоғай ауылы маңында Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде қарама-қарсы бағыттағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. «Павлодар – Семей» автожолында Қарқала ауылы маңында Chevrolet Cruze автокөлігінің жүргізушісі екі жылқыны соққан, – делінген хабарламада.

Жол апаттарының салдарынан төрт жолаушы ауруханаға жеткізілді.

Еске сала кетейік, Павлодар мен Ертіс арасындағы тас жолда автокөлік аударылып, екі адам қаза тапты, ал тағы үш адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Бұл соңғы төрт тәулікте өңірде болған 15 жол-көлік оқиғаларының бірі.