Павлодар облысында қазы қымбаттады
Бір жылда баға 10,8%-ға өскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, ағымдағы жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша жылқы еті бір жылда 4,3%-ға өскен. Оның ішінде қазақстандықтардың сүйікті асы – қазының бағасы 4,8%-ға, ал жая 2,5%-ға өскен.
– Әсіресе жылқы етінің бағасы Павлодар облысында бір жылда 10,8%-ға қымбаттағаны байқалды. Антилидерлердің үштігіне Ақмола (плюс 9,8%) және Маңғыстау (плюс 9,6%) облыстары да кірді, – деп жазылған хабарламада.
Бағаның ең аз өсуі Астанада байқалды: небәрі 0,7%. Бұл ретте Шымкентте жылқы еті бір жылда 4,6%-ға арзандады.
Ағымдағы жылдың 1 ақпанына қарай елімізде жылқы саны 4,2 млн болды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артық.
Ең көп мал басы Түркістан (449,9 мың бас), Абай (366,3 мың бас) және Қарағанды (349,5 мың бас) облыстарында байқалды.
Биыл қаңтар айында ҚР шаруашылықтарында тірі салмақта 20 мың тонна және сою салмағында 10,3 мың тонна жылқы сойылды немесе союға өткізілді.
Өңірлік бөліністе жылқылар тірі салмақта Түркістан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сою салмағында — Түркістан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында сойылды немесе союға өткізілді.