Павлодар облысында үш айда жиырма мыңнан астам адам құжат алды

Павлодар облысында үш айда жиырма мыңнан астам адам құжат алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық көші-қон қызметі жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, үш ай ішінде өңір тұрғындары мен шетелдік қонақтарға 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Қызметтердің ішіндегі ең сұранысқа иесі – құжаттандыру. Жыл басынан бері облыстың 23 мыңға жуық тұрғыны жаңа жеке куәлік пен төлқұжат алды. Сондай-ақ, ел азаматтығын алуға ниеттілер қатары да артып келеді: 196 шетелдік Қазақстан азаматы атанса, 342 адам тұрақты тұруға рұқсат алды. Оның жартысына жуығы (190 адам) — этникалық қазақтар, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта өңірде 12 мыңнан астам шетел азаматы тұрақты тұрады. Жыл басынан бері тағы 1710 адам уақытша тіркелген.

Тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін де назардан тыс қалдырмайды:

  • 1327 адам – елде болу ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды;
  • 28 адам – сот шешімімен елден шығарылды.

Сонымен қатар, көші-қон қызметі борышкерлерді іздестірумен де айналысады. Осы уақыт ішінде алимент төлеуден жалтарған 54 адамның мекенжайы анықталып, іздеуде жүрген 20 борышкер табылды.

Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартовтың айтуынша, басты міндет – көші-қон процестерінің ашықтығы мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету. 

Ведомство азаматтар мен өңір қонақтарының құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.