Павлодарда тәртіп сақшылары ерекше жұмыс режиміне ауысты
Адамдар көп жиналатын нысандар мен көшелердегі күзет күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаяу және автопатрульдердің саны арттырылды. Ерекше назар қоғамдық орындарға – саябақтар, скверлер, сауда орталықтары, алаңдар, көлік тораптары және адамдар көп жиналатын өзге де орындарға бөлінуде.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ кез келген заңсыз әрекеттерге жедел ден қоюға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Полицейлер қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылап, азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде және күдікті тұлғаларды тексеруде.
Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ойын-сауық мекемелері мен сауда нысандарының қызметіне бақылау күшейтілді. Ішкі істер органдары қала тұрғындары мен қонақтарын қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға және құқық бұзушылық фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады. Қабылданған шаралар азаматтар үшін қауіпсіз әрі тыныш жағдай қалыптастыруға бағытталған.