Павлодар тұрғындарына балық аулауға тыйым салынды

Павлодар тұрғындарына балық аулауға тыйым салынды
Фото: pixabay.com/Alejoturola

Бірақ бұл уақытша, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «Уылдырық-2026» табиғат қорғау акциясы аясында балық ресурстарын қорғауға бағытталған шектеулер енгізіледі. 

Бұл туралы Зайсан–Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жангелді Қарабаев мәлім етті.

Маманның айтуынша, уылдырық шашу кезеңінде су айдындарында өнеркәсіптік, әуесқойлық балық аулауға уақытша тыйым салынады. Шектеулер балық қорын сақтау мен молықтыруға бағытталған.

Уылдырық шашу акциясы барысында 15 сәуір мен 30 мамыр аралығында Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бойында, соның ішінде барлық су қоймалары нысандарында балық аулауға шектеу қойылады.

– Тек бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде әуесқойлық мақсатта торта, табан, алабұға, мөңке және шортан аулауға рұқсат беріледі. Біз заңсыз балық аулау, балықты заңсыз сатып алу немесе өткізу, балық өнімдерін тасымалдау, сондай-ақ тыйым салынған кезеңде инспекциямен келісімсіз қозғалтқышы қосылған су көліктерінің қозғалысы фактілерін анықтау және жолын кесуге ерекше назар аударамыз, – деді Жангелді Қарабаев.

Павлодар облысының балық шаруашылығы қорына халықаралық маңызы бар Ертіс өзені, республикалық маңызы бар тоғыз су айдыны, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Екібастұз су қоймасы және бірінші, сегізінші учаскелері, сондай-ақ жергілікті маңызы бар 120 су айдыны кіреді. Тыйым салу кезеңінде табиғат қорғау рейдтері күшейтіліп, құқық қорғау органдарымен бірлескен тексерулер ұйымдастырылады.

Мамандардың айтуынша, өткен жылы уылдырық шашу кезеңінде 30 әкімшілік материал тіркеліп, 600 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Ал биылғы жылдың басынан бері 77 әкімшілік материал жасалып, оның төртеуі сотқа жолданды. Жалпы сомасы шамамен 1,5 миллион теңге айыппұл салынды.

Аяулым Мұса