Павлодар облысында тұрғындардан экологиялық ботқа жолданатын шағым саны көбейді

Павлодар облысында тұрғындардан экологиялық ботқа жолданатын шағым саны көбейді
Фото: istockphoto.com/Halyna Bobyk

Өтініштер бес жұмыс күні ішінде орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жалпы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақты абаттандыруға бағытталған өтінімдер қабылдайтын бірыңғай онлайн-платформа жыл басынан жұмыс істеп тұр.

Бүгінгі күнге дейін сервисте өңір бойынша барлығы 438 өтініш тіркеліп, толықтай орындалған. Аймақ бойынша ең көп өтінімдер Павлодар қаласынан – 320 хат, Екібастұздан тоқсаннан астам, Ақсу қаласынан он алты және он өтініш түрлі аудандардан келіп түсті.

– Өтінімдердің басым бөлігі жер жұмыстарынан кейінгі абаттандыруды қалпына келтіру, қоқыс шығару және ағаштарды кесу мәселелеріне қатысты. Өтініш берушілердің орташа жасы 25 пен 55 жас аралығында, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әлішер Теміртас. 

Қалалар мен аудан әкімдіктерінің мамандары «Таза Қазақстан» платформасына түскен барлық өтініштерді бақылап, олардың орындалу барысына фотоесеп тіркеп отырады. Орындау мерзімі өтініштің санатына байланысты бір күннен бес жұмыс күніне дейін созылады.

– Бүгінде «TazaQazBot» чат-боты арқылы халықпен кері байланыс нығайып келеді. Платформаның қолжетімділігін арттыру үшін аймақтағы танымал әлеуметтік желі пабликтерінде 250-ден астам жазбалар жарияланды, – деді ол.

Экологиялық бастама өңір тұрғындарына таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталып отыр.