Павлодар ауданындағы ауылда мас күйінде мотоциклмен жүрген тұрғын ұсталды
Мотоциклдің мемлекеттік нөмірі де болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, сағат 00:30 шамасында түнгі рейд кезінде Павлодар ауданындағы Қаракөл ауылында полиция қызметкері мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз Hongya мотоциклін тоқтатты.
- Тәртіп сақшысы 51-жастағы ер адам бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғанын анықтады. Медициналық куәландыруға сәйкес, ауыл тұрғыны мотоциклді мас күйінде басқарған, - деді департаментте.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотта қаралды. Сот қаулысымен жүргізуші кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге қамауға алу түрінде әкімшілік жазаға тартылды. Мотоцикл арнайы айып тұрағына қамалды.
Полицейлер 2020 жылғы 11 қаңтарда заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес Қазақстанда бұрын көлік құралдарын мас күйінде басқарған, көлікті басқару құқығынан айырылған жүргізушілерге қатысты жаза күшейтілгенін еске салады.
Осы баптың санкциясы 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түріндегі жазаны не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын жүргізуді, не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды, КҚ басқару құқығынан өмір бойы айыруды көздейді.
Фото: ашық дереккөздерден