Павлодарда ұландықтар адасып кеткен баланы тауып берді

Павлодарда ұландықтар  адасып кеткен баланы тауып берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жасөспірім қалада жалғыз жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы 12 маусым күні Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімі ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін атқарып жүрген 5512 әскери бөлімнің әскери жасағы адасып кеткен баланы тауып, отбасына аман-есен табыстады.

Сағат 22:45 шамасында әскери жасақ  патрульдеу кезінде 12 жастағы баланы байқап қалады. Жасөспірім өз үйін таба алмай, қалада жалғыз жүрген.

– Бала Павлодар қаласы, Айманов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын болып шықты. Ол сағат 18:00-де үйінен ойнауға шығып, кейін адасып кеткен. Әскери жасақ баланың жағдайын анықтап, №1 полиция учаскесіне жеткізді. Тәртіп сақшылары баланың туыстарымен байланысқа шығып, әкесінің келуін қамтамасыз етті, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінде.

Баланың әкесі ұлын аман-есен тауып бергені үшін  5512 әскери бөлімнің әскери жасағы мен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.