Павлодар облысында интернет-алаяқтық азайды

Павлодар облысында  интернет-алаяқтық азайды
Фото: Константин Шелков

Көрсеткіш 39,1%-ға төмендеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.  

– Биыл түрлі қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген 89 қылмыскердің орналасқан жері анықталды және ұсталды, оның бесеуі республикадан тыс жерлерде құрықталды. Мәселен, 2016 жылдан бері іздеуде болған Гудник атты азамат   Ресей Федерациясында ұсталды, – дейді Жасқайрат Қайыров. 

Спикердің айтуынша, облыс бойынша қылмыс деңгейінің 13,3%-ға, оның ішінде кісі өлтірудің 7,4%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 21,6%-ға, бұзақылықтың 11,8%-ға, көлік ұрлығының 29,3%-ға, алаяқтықтың 25,2%-ға, оның ішінде интернет-алаяқтықтың 39,1%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлаудың 2,5%-ға тұрақты төмендеуі байқалады. 

Сондай-ақ, көшелерде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 4,5%-ға, бұрын сотталғандардың қылмыс жасауы 22,2%-ға, кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауы 21,1%-ға және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 7,1%-ға азайды.

Ұрлық жасаған 51 топ ұсталды, оның сегізі пәтер ұрлығы бойынша. Мал ұрлығы үшін іздеуде жүрген үш қылмыстық топ ұсталды. 

Есепті кезеңде есірткі құқық бұзушылықтардың 136 фактісі, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты 65 қылмыс, 55 сату фактісі, оның ішінде 297- баптың 5-тармағы бойынша 27 факті, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт фактісі, нашақорлық заттарды өсірудің төрт фактісі – есірткі зертханасы, заңсыз насихаттаудың бір фактісі және ұрлаудың бір фактісі анықталды.

Тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін екі мыңнан астам отбасылық бұзақы жауапқа тартылды. Ал көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1283 шетелдік жауапқа тартылды, олардың 67-сіне қатысты елден шығару туралы шешім қабылданды.

Еске сала кетейік, № 16 мектеп-лицейінің аумағында жалаңаш жүрген ер адам желіні шулатқан еді. Спикердің мәліметінше, ер адамды іздестіру әлі күнге дейін жалғасуда.