Павлодарда «Абай жаққан бір сәуле» кеші өтті

Павлодарда «Абай жаққан бір сәуле» кеші өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс-шарада оқушылар ән айтып, би билеп, сахналық көріністер қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20 мамыр күні дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай жаққан бір сәуле» атты рухани-танымдық әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

– Кештің басты мақсаты – Абай мұрасын жас ұрпақтың жүрегіне терең жеткізу, оның даналыққа толы өсиеттері мен рухани құндылықтарын өмірлік ұстанымға айналдыруға ықпал ету, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Кеш барысында оқушылар ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен Абай әндерінен попурри орындап, «Гакку» биін билеп, ақынның өмірінен алынған сахналық көріністерді көрсетті. «Сегіз аяқ» әні мен «Мен бір жұмбақ адаммын» моноспектаклі көрерменге терең ой салып, ақынның болмысын тереңірек тануға мүмкіндік берді. 180 оқушыдан құралған хор шырқаған «Желсіз түнде жарық ай» әні кештің шарықтау шегіне айналды.

Гимназия директоры Салтанат Шабажанова кештің тәрбиелік және рухани маңызы зор болғанын атап өтіп, мұндай тағылымды шаралардың жас буынға үлгі болатынын жеткізді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Білім басқармасы (@bilim_basqarmasy)