Павлодарда алғаш рет NAIZA турнирі өтеді
Аралас жекпе-жек кешінде екі чемпиондық белбеу сарапқа салынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1 қарашада Павлодардағы «Астана» мұз сарайында NAIZA лигасының ММА турнирі ұйымдастырылады. Қала әкімдігінің қолдауымен өтетін жарыста қазақстандық және шетелдік спортшылар октагонға шығады.
Кештің басты кездесулерінің бірінде екібастұздық Сайхан Джемухаев жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуін алғаш рет қорғайды. Оның қарсыласы – Өзбекстан өкілі Мироншох Джафаров.
Тағы бір чемпиондық жекпе-жекте Джума Давлатмамадов қазақстандық Сайран Сағындықовпен кездеседі. Давлатмамадов та чемпиондық атағын алғаш рет қорғауға шығады.
Павлодарлық жанкүйерлер үшін турнирдің тағы бір ерекшелігі – NAIZA лигасының бұрынғы чемпионы Диас Еренғайыповтың октагонға оралуы. Ол ұзақ үзілістен кейін қайта жекпе-жек өткізеді.
Турнир 1 қараша күні сағат 16:00-де «Астана» мұз сарайында басталады.