Павлодарда елік көбейіп келеді
Осылайша, өңірде табиғаттағы тепе-теңдік сақталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында бұл аңның популяциясы соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді. 2025-2026 жылдардағы қысқы маршруттық санақ қорытындысы бойынша мұнда 1121 бас елік есепке алынған. 2024-2025 жылғы көрсеткіште 932 дарақ болған.
2022 жылы резерватта 690 елік есепке алынса, 2023 жылы – 838, 2024 жылы – 926, 2025 жылы – 932, ал 2026 жылы 1121 бас тіркелді. Осылайша, бес жыл ішінде олардың қатары 431 басқа көбейген.
– Популяцияның тұрақты өсімі байқалады. Дегенмен, жануарлар саны үнемі арта береді деуге болмайды. Оның өсімі табиғи ортаның сыйымдылығына байланысты. Дарақтардың тығыздығына орман типі, азық қоры, су көздері, қысқы ауа райы, табиғи жаулар және антропогендік факторлар әсер етеді, – деді резерваттың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің аға ғылыми қызметкері Қанат Егембердиев.
Тұяқты аңдар резерваттың барлық аумағында кездеседі. Күндіз қалың орман ішінде жасырынса, таңертең және кешке ашық алаңдарға шығып жайылады. Белгілі бір жерде тұрақты шоғырланбайды: әр дараның өз мекен ету аймағы бар.
Мамандардың айтуынша, жұмсақ қыс, жеткілікті қорек, сақталған су көздері, браконьерлікке қарсы тиімді күрес, табиғи ортаның бұзылмауы және орман өрттерінің аз болуы популяцияның көбеюіне оң әсер етеді. Ағымдағы жылдың көктемгі-жазғы бақылауында төлдеу қалыпты өтіп, бір аналыққа орта есеппен 1,2 лақтан келген.
Резерватта бұл аңды қолдан көбейту жұмыстары жүргізілмейді. Дарақтар табиғи жолмен көбейіп жатқандықтан, негізгі міндет – олардың мекен ету ортасын сақтау. Қазір аумақта аң аулауға толық тыйым салынған.
Тұяқты жануарларды қорғау жыл бойы жүргізіледі. Қызметкерлер тұрақты рейдтер ұйымдастырып, заңсыз аңшылықтың алдын алып, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған. Фототұзақтар мен дрондар арқылы да бақылау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Атап өтерлігі, биыл елік аулауға қатысты заң бұзушылық тіркелмеген.
Мамандар қытымыр қысқа деген дайындықты жаз айларында-ақ бастап кетеді. Яғни, терек жапырақтарынан азықтық сыпырғылар дайындап, қоректендіру алаңдарын әзірлейді. Онда жем-шөп, бұтақ азығы мен тұз-лизунец қойылады. Қар қалың түскен жағдайда қосымша қорек беріледі.
Еліктер үшін негізгі қауіп – орман өрттері, қатал қыс, аптап ыстық, климаттың өзгеруі және мекен ету ортасының бұзылуы.
Популяция көлемі тұрақты қар жамылғысы қалыптасқаннан кейін қысқы маршруттық есеп арқылы анықталады. Іздер бойынша жүргізілетін санақта Формозов, Формозов – Перелешин – Малышев, Формозов – Гусев және Тимофеев әдістері қолданылады. Тұяқты жануарлардың қысқы есебі жылына бір рет өткізіліп, әдетте желтоқсан – қаңтарда басталып, наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Ал Павлодар қаласының тұрғыны Аман Қанат елікті дронмен түсіру кезінде кездейсоқ байқап қалған. Ол таңғы сағат 5:00-ден 6:30-ға дейін іздестіріп, кейін жолыққан сәтті камераға түсірген.
– Алғаш көргенде қатты қуанып, ұйқым бірден ашылып кетті. Тағы да кезігіп қалар ма екен деп біраз уақыт іздедім, – дейді Аман Қанат.
Видеоға бір ғана дарақ түсірілгенімен, оның айтуынша, сол маңда барлығы бес бас жүрген.
– Дронмен түсіргенде еліктің өте сақ әрі епті екенін байқадым. Айналасын үнемі бақылап, дыбыс шықса бірден елеңдеп қарайды екен, – деді ол.
Оны үркітіп алмау үшін Аман Қанат жақындамай, алыстан зум арқылы түсірген. Оның айтуынша, былтыр да ауыл маңында осы аңды жақыннан кездестірген.
Дроннан түсірілген бұл көрініс резерваттағы табиғи тіршіліктің бір сәтін көрсетеді. Популяцияның артуы жануарларға қолайлы ортаның сақталып отырғанын аңғартса, оларды қорғау мен мекенін сақтау жұмыстарының маңызы арта түспек. Табиғатты алыстан бақылап, жабайы аңдарға кедергі келтірмеу – осындай ерекше сәттерді сақтаудың маңызды шарты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram