HALYQ RADIOSY-н сақтап қалған қайраткер 75 жасқа толды
Достық үйінде ардагер журналист «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Балтабайдың 75 жылдық мерейтойы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шығармашылық кеш журналистің әріптестері, сыныптастары, үзеңгілес достарының қатысуымен өтті. Қонақтар мерейтой иесін құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
- Таныстығымыз көп болмаса да, бала кезімнен жұмысыңызбен жақсы таныспын, - деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан. – «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді: Ғалия апай көп дүниені мейірімділікпен шешу жолдарының бар екенін сізден білемін. Қабақ шытпай, көптеген дүниенің басын шешуге болатындығын көрсеттіңіз. Қазақ қыздарына үлгі көрсетіп жүргеніңіз үшін алғыс білдіремін. Деніңіз сау болсын, ғұмырыңыз ұзақ болсын, мерейіңіз арта берсін.
Әріптесінен соң сөз алған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасын Балтабай Қаппасов мерейтой иесінің ономастика мәселесінің алға жылжуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ғалия Балтабай 2000-жылдар басында Железин ауданының Комаровка ауылының аты Аққайың деп ауыстырылуына мұрындық болған.
- Мен ол кезде Железин ауданы әкімінің орынбасары болған едім. Ономастика мәселесі бойынша ұсыныс түскен кезде Ғалия апай өзінің қайсар мінезімен аудан басшылығына қолдау көрсетіп, істің аяғына дейін жетуіне жол ашты. Сол көмегіңіз үшін алғыс білдіремін. Мерейтойыңыз құтты болсын! Екі дүниенің бақытын көріңіз, - деді Балтабай Қаппасов.
Ғалия Балтабай құттықтаулар үшін алғыс білдіріп, өмірбаянынан қысқа үзінді келтірді. Ардагер журналист кішкентай кезінде радиоға ерекше құмартып, ақпарат саласында жұмыс істеуді мақсат тұтқанын айтты.
- 1956 жылы сол кезде Комаровка деп аталатын ауылымызға радио әкелді, - деп есіне алды Ғалия Балтабай. – Бұл ауыл үшін ерекше оқиға еді. Сол радиооға ерекше құмарттым, мектепке бара жатқанда, одан қайтып келе жатқанда тыңдайтынмын. Роза Бағланованың әндерін сүйіп тыңдайтынмын. Сол кезде радиода істеймін деп армандадым. Армандарым орындалды.
Журналистика саласына 40 жылдан астам өмірін арнаған қайраткер 19 кітаптің авторы болған. Оның үстіне Ғалия Балтабай ақпарат құралдары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрді. Айталық, ардагер журналист Павлодардағы қазақ театрының, Екібастұздағы екі бірдей қазақ мектептерінің ашылуына, сондай-ақ облыстық HALYQ RADIOSY-ның сақталып қалуына ерекше үлес қосты.
Бүгінде «Ertis Media» ЖШС медиахолдингіне кіретін HALYQ RADIOSY – елімізде жалғыз өңірлік радио болып табылады. Холдинг директоры Аида Хамзина қайраткер-журналистің осы еңбегі үшін ерекше алғыс білдіріп, зор денсаулық пен қажымас қайрат тіледі.
Кеш соңында Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы-драма театры әртістері және Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, кеш көркін қыздырды.
Ғалия Балтабай бір ғасырдан аса тарихы бар қазақтың қара шаңырағы Қазақ радиосының Алматыдағы студиясынан алғаш еңбек жолын бастаған, кейін Павлодар облыстық радиосына директор қызметін атқарып жүрген кезде радионы FМ жиілігіне шығарып, облыстық радионы сақтап қалу мақсатында біршама тер төкті деуге болады. Қазіргі кезде республикадағы жалғыз қалған облыстық радио екенін мақтанышпен айта аламыз.
Ғалия Балтабай журналистика саласында өзі көтерген мәселелердің байыбына жеткізіп, әрдайым ізденуді тоқтатпаған, халыққа жақын болып, 42 жыл еліне тапжылмастан қызмет еткен. Талай шәкірт тәрбиелеп, қанатын қатайтып, буынын бекітіп ақпарат аламанына қосқан ардагердің аймақ журналистикасына қосқан үлесі мол. Сондай-ақ көптеген кітаптардың авторы.
Фото: автор