Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйлер салынады

Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйлер салынады
Фото: Константин Шелков

Құрылысты үш ай ішінде аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Комиссияның мәліметінше, Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында су басқан тоғыз үй қалпына келтіріліп, жөнделуге жатады. Олардың иелеріне өтемақы төленеді. Тағы бес үй апатты деп танылды.

Бүгінгі таңда су тасқыны кезінде мүлкіне әртүрлі дәрежеде зиян келген 80 отбасыға бюджеттен тыс демеушілік қаражат есебінен жалпы сомасы 86,2 миллион теңге көлемінде өтемақы берілді, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Типтік ғимараттар жаңа жерде, ауыл бедерінің ең биік нүктесінде салынады.

Үйлері зардап шеккен және апатты деп танылған адамдар шілде айының басында қоныс тойын тойлайды деп үміттенемін. Мен мердігерге осы аптаның соңында жұмысқа кірісу міндетін қойдым, – деп түсіндірді өңір басшысы. – Біз үйдің әр иесімен жеке сөйлестік, олар туыстарының үйінде тұратындығын хабарлады: мұндағы ауыл кішкентай, бәрі бір-бірімен туысқан. Адамдар бізден жұмысты тез бастаймыз деп күткен жоқ. Бұл әдетте біраз уақытты қажет етеді, бірақ сіздер білетіндей, мен бүгін жасай алатын нәрсені ұзақ уақытқа кейінге қалдырудың жақтаушысы емеспін.

Оның айтуынша, құрылыс мердігері ретінде Ақтоғай ауданының тумасы, облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьевті шақырған. Шығындарды ERG тобы өз мойнына алды. 

Сонымен қатар, зардап шеккен облыс тұрғындарына 100 АЕК (369200 теңге) мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, су тасқынына байланысты ауылда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл үш субұрғыш шұңқырды, арықтарды тез қазып, бөгет салуға мүмкіндік берді.

Шілде айының соңына дейін ауылда 6 шақырым қорғаныс бөгеті салынып, ойпаң жерде орналасқан ауылдың мәселесін кешенді түрде шешу үшін көлемі 200 мың текше метр болатын еріген суларды жинауға арналған 3 қазаншұңқыр жасалады.